«Қазхром» ТҰК» АҚ-да 19 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қызметкерлер -компанияның ең маңызды және құнды активі. Сондықтан біздің басымдығымыз команданың әрбір мүшесінің кәсіби өсуі мен өзінің қабілетін іске асыруы үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Компания өз қызметкерлеріне сауықтыру бағдарламалары, негізгі кәсіп қызметкерлеріне тегін мамандандырылған тамақтану, ана мен баланы қолдау, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесу, кәсіпорын ардагерлеріне қамқорлық жасау, персоналды жүйелі оқыту және дамыту сияқты кең ауқымды әлеуметтік кепілдіктерді, сондай-ақ түрлі корпоративтік іс-шараларды ұсынады.
Қызметкерлер үшін жайлы өмір сүру ортасын құруға және компания қызмет ететін өңірлерде инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылады. 2006 жылдан бастап тұрғын үй бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда, ол тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесіп қана қоймай, болашағынан үміт күттіретін жас мамандарды тартуға және олардың жұмыс орнында тұрақтауына ықпал етеді.
Компания жас мамандарға кәсіпорын есебінен оқытуды қоса алғанда, дамудың кең мүмкіндіктерін ұсынады. Компания үздік студенттер үшін өндірістік практиканы ұйымдастыра отырып, жетекші білім беру мекемелерімен: Хромтау тау-кен техникалық колледжімен, Ақсу қара металлургия колледжімен, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетімен, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен ықтымақтаса жұмыс істейді.
Бір отбасының бірнеше ұрпағы өздерінің кәсіби өмірін «Қазхром» ТҰК» АҚ-мен байланыстыратын еңбек әулеттері компанияның ерекше мақтанышы болып табылады.
Бұның айқын дәлелі – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызмет ететін Баймулдиндер отбасы, бұл отбасының жалпы еңбек өтілі 300 жылды құрайды. Әулеттің негізін қалаушылар - ағайынды балқытушылар Беркін мен Төлеу Баймулдиндер, кейінірек олардың ұлдары Марат пен Мұрат та осы кәсіпорынмен өмірлерін байланыстырды. 56 жыл бойы бұл отбасы өз ісіне адал болып, әріптестері мен басшылығының шексіз құрметіне ие болды. Баймулдиндер әулеті Ақтөбе облысының «Еңбек жолы» өңірлік байқауының «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. Осы жетістіктен кейін Марат Баймулдин Астанада өткен «Еңбек жолы» республикалық байқауында өз отбасын барша жұртшылықпен таныстырды.
Компания мен ұжымның өзара қарым-қатынасы Ұжымдық шарт арқылы реттеледі, өз кезегінде бұл Ұжымдық шарт Қазақстандағы ең үздіктердің бірі деп танылған. 2018 жылы құжат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауында жоғары бағаланып, оның жеңімпазы атанды. 2023 жылы Ұжымдық шарт қайта қаралып, жаңа тармақтармен толықтырылды. Жаңалықтардың бірі - қазір барлық төлемдер ақшалай баламада емес, айлық есептік көрсеткіштер бойынша (АЕК) жазылады, демек бұл олардың мөлшерін жыл сайын арттыруға мүмкіндік береді. Компания басшылығының шешімі бойынша жұмысты вахталық әдіспен орындайтын қызметкерлерге өтемақы төлемдері ұлғайту бағытында қайта қаралды, үздіксіз еңбек өтілін анықтау тәртібі анықталды.
2024 жылы «Қазхром» Орталық Азия елдері Кәсіподақтар кеңесінің (ОАЕКК) бастауыш ұйымдары арасында өткен «Үздік әлеуметтік серіктес» халықаралық байқау-конкурсының жеңімпазы атанды.
«Қазхром» ТҰК» АҚ қызметі басқарудың интеграцияланған жүйесі шеңберінде халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.